Орал қаласында 29 ауланы абаттандырылып, 50 көше күрделі және орташа жөндеуден өтуде.
Жаңадан салынған шағынаудандарды есепке алмағанда Орал қаласында 389 аула бар. 2007-2017 жылдар аралығында 300-дей аула аумағы абаттандырылған. Енді 60 аула қалып отыр. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, жыл сайын 30 аула абаттандырылса, екі жылда аулаларды абаттандыру толық аяқталады. Биылғы жылы 23 аула бойынша ЖСҚ дайындалмақ. Ол үшін қаржы бөлінген. Жаңа нысандардың берілуіне байланысты биыл гүлдерді отырғызу көлемі артты. Мәселен, өткен жылы 21 мың шаршы метр алаңға гүл егілсе, биыл жалпы аумағы 30 мың шаршы метр болатын жер гүлмен көмкерілген. «Көбелек», «Жүрек», «Сағат», «Жұлдыз» сынды конструкциялар да қаламызға ерекше сән беріп тұр.
– Алдағы уақытта қаланың жеті ауданында доға түріндегі құрастырмалар дайындалып, құмырадағы гүлдер қойылады. Сондай-ақ кәсіпкерлер есебінен №36 орта мектеп жанындағы және Т.Масин көшесіндегі тынымбақтар абаттандырылады, – деді Орал қаласының әкімі Мұрат Рахметұлы.
Ал жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары орталық және қоғамдық көліктер жүретін және қозғалысы көп жолдардан басталды. Қазіргі уақытта 23 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін мердігер компаниялармен келісімшарт жасалған. Оның 11-і өткен жылдан басталып, биыл жалғастырылып жатқан жол құрылыстары. Ал биыл 12 көше жаңартылады. Оның алтауы – ҚПО б.в тарапынан, алтауы – жергілікті бюджеттен қаржыландырылмақ.
Сондай-ақ биыл Орал қаласы автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 300 млн. теңге бөлінген. Оған 69 көше бойынша шұңқырларлары жамалып, 8 көшеге тротуар, қатты жабыны жоқ 25 көшеге ұсақталған қиыршықтас төселмек.
Айта кетейік, Орал қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 615,5 шақырым. Оның жартысы, яғни 299,23 шақырымы асфальтбетонмен жабылған. 315,92 шақырымы – қара жол.
Оставить комментарий